AA

Атбасар ауданының ресми интернет-ресурсы

Мүгедектерге арналған жұмыс орындарын квоталау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрiнiң 2016 жылғы 6 қаңтардағы № 2 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде 2016 жылы 9 ақпанда № 13027 болып тiркелдi. Күшi жойылды — Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрiнiң 2016 жылғы 13 маусымдағы № 498 бұйрығымен

"Халықты жұмыспен қамту туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-тармағының 9-12) тармақшасына және 7-бабы 5-2) тармақшасына және "Мемлекеттiк статистика туралы" 2010 жылғы 19 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

1. Мыналар:

1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Мүгедектерге арналған жұмыс орындарын квоталау қағидалары;

2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес "Мүгедектердi жұмысқа орналастыру квотасын орындауға арналған жұмыс орындарының саны, бос лауазымдар мен бос жұмыс орындары туралы мәлiметтердiң болуы туралы мәлiметтер" әкiмшiлiк деректердi жинауға арналған нысан;

3) осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес "Мүгедектердi жұмысқа орналастыруға арналған квотаның орындалуы туралы мәлiметтер" әкiмшiлiк деректердi жинауға арналған нысан бекiтiлсiн.

2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрлiгiнiң Халықты жұмыспен қамту департаментi заңнамада белгiленген тәртiппен:

1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеудi;

2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелгеннен кейiн күнтiзбелiк он күн iшiнде оны мерзiмдi баспа басылымдарында және "Әдiлет" ақпараттық-құқықтық жүйесiнде ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлердiң эталондық бақылау банкiне енгiзу үшiн Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жiберудi;

3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрлiгiнiң интернет-ресурсында орналастыруды;

4) осы бұйрықты облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергiлiктi атқарушы органдарының назарына жеткiзудi;

5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелгеннен кейiн күнтiзбелiк он күн iшiнде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрлiгiнiң Заң қызметi департаментiне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген iс-шаралардың орындалуы туралы мәлiметтер ұсынуды қамтамасыз етсiн.

3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму вице-министрi Б.Б. Нұрымбетовке жүктелсiн.

4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

1. Осы Мүгедектерге арналған жұмыс орындарын квоталау қағидалары (бұдан әрi — Қағидалар) "Халықты жұмыспен қамту туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрi — Заң) 6-бабы 2-тармағының 9-12) тармақшасына, 7-бабы 5-2) тармақшасына сәйкес әзiрлендi және мүгедектерге арналған жұмыс орындарына квота белгiлеудiң жалпы тәртiбiн, мөлшерiн және шарттарын белгiлейдi.

2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар:

1) жұмыс берушi — қызметкер онымен еңбек қатынастарында тұрған жеке немесе заңды тұлға;

2) мүгедек — тұрмыс-тiршiлiгiнiң шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiгiне әкеп соқтыратын, ауруларға, мертiгулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, кемiстiктерге байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған адам;

3) мүгедектерге арналған жұмыс орындарының квотасы (бұдан әрi — квота) — ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауiптi жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, жұмыс орындар санының пайыздық көрсетiлiмiнде мүгедектер жұмыс iстейтiн жұмыс орындарының санын қоса алғанда, жұмыс берушi жұмысқа орналастыруға мiндеттi мүгедектердi жұмысқа қабылдауға арналған жұмыс орындарының ең аз саны;

4) мүгедектердi жұмысқа орналастыру үшiн жұмыс орындарын квоталау — жергiлiктi атқарушы органдар белгiлеген квотаға сәйкес мүгедектердi жұмысқа орналастыру үшiн жұмыс берушiлердiң жұмыс орындарын ұсынуы;

5) уәкiлеттi орган — халықтың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесудi және жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғауды өңiрлiк деңгейде қамтамасыз ететiн жергiлiктi атқарушы органдардың құрылымдық бөлiмшесi.

2. Мүгедектерге арналған жұмыс орындарын квоталау тәртiбi, квота белгiлеудiң

мөлшерi мен шарттары

3.Квотаны аудандардың, қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары ұйымдық-құқықтық нысанына және меншiк нысанына қарамастан ұйымдар үшiн ұйымның тiзiмдiк санының пайыздық көрсетiлiмiнде белгiлейдi және жыл сайын қайта қарайды.

4. Квота шеңберiнде медициналық қорытындыға сәйкес еңбек (қызметтiк) мiндеттерiн атқаруға қарсы көрсетiлiмдерi жоқ мүгедектер жұмысқа орналастырылады.

Қазақстан Республикасының заңдарымен қызметке кiрудiң ерекше жағдайлары, лауазымға тағайындаудың тәртiбi айқындалған жағдайларда, квота белгiленбейдi.

5. Квота белгiлеу жөнiндегi ұсыныстарды:

1) Заңның және осы Қағидалардың;

2) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктегi еңбек нарығында мүмкiндiгi шектеулi адамдар санынан жұмыс күшiне ағымдағы сұраныс пен ұсынысты талдаудың, болжаудың;

3) өңiрдегi жұмыс iстеп тұрған ұйымдар санының;

4) ұйымдардағы қызметкерлердiң штаттық саны және қолда бар бос жұмыс орындарының саны туралы жұмыс берушiлердiң мәлiметтерi негiзiнде қалыптастырылған ұйымдардағы қызметкерлердiң тiзiмдiк санының; белгiленген квота көбiрек бүтiн санды құраған жағдайда, санды дөңгелектеу бүтiн мәнге азайту жағына қарай жүргiзiледi;

5) мүгедектердi жұмысқа орналастыру үшiн жұмыс берушi ұсынған қолданыстағы жұмыс орындарының саны туралы мәлiметтер талдауының;

6) квотадан тыс жұмыс берушiлер мен мүгедектер арасында жасалған қолданыстағы еңбек шарттарының саны туралы мәлiметтер талдауының;

7) халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссыз ретiнде тiркеген және квота бойынша жұмысқа орналасқысы келетiн мүгедектер тiзiмiнiң негiзiнде уәкiлеттi орган әзiрлейдi.

6. Еңбек жағдайлары ауыр, зиянды және (немесе) қауiптi санатқа жатқызылған ұйымдар үшiн қызметкерлердiң тiзiмдiк санына еңбек жағдайлары бойынша жұмыс орындарын аттестаттау нәтижелерi бойынша еңбек жағдайлары ауыр, зиянды және (немесе) қауiптi санатқа жатқызылған қызметкерлер кiрмейдi.

7. Уәкiлеттi орган "Мемлекеттiк статистика туралы" 2010 жылғы 19 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес бекiтiлген нысан бойынша жұмыс берушiлер ұсынатын мүгедектердi жұмысқа орналастыру квотасын орындауға арналған жұмыс орындарының саны, бос лауазымдар мен бос жұмыс орындары туралы мәлiметтердiң болуы туралы мәлiметтердiң негiзiнде ұйымдар бөлiнiсiнде жұмысқа орналастыруға мұқтаж мүгедектердiң және мүгедектерге арналған бос жұмыс орындарының деректер базасын қалыптастырады.

8. Республикалық маңызы бар қаланың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органы уәкiлеттi орган ұсынған ұсыныстардың негiзiнде "Халықты жұмыспен қамту туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 5-2) тармақшасына сәйкес ұйымдар бөлiнiсiнде мүгедектерге арналған жұмыс орындарына квота бекiтедi және жұмыс берушiлердiң назарына күнтiзбелiк жыл басталғанға дейiн бiр ай қалғанша жеткiзедi.

9.Жергiлiктi атқарушы органдар мүгедектерге арналған жұмыс орындарына квота белгiлеу туралы актiнi өңiрлiк бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ ресми интернет сайттарда орналастырады.

10. Жұмыс берушiлер белгiленген квотаға сәйкес квота енгiзiлген күннен бастап күнтiзбелiк 1 ай iшiнде мүгедектердi жұмысқа орналастыру үшiн жұмыс орындарын ұсынады.

11. Жұмыс берушiлер уәкiлеттi органға "Мемлекеттiк статистика туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес нысан бойынша үш айдан кем емес мерзiмге жасалған еңбек шартымен расталған жұмыс берушiнiң бос немесе белгiленген квота шеңберiнде ұсынылған жұмыс орындарына мүгедектердi жұмысқа орналастыруы туралы мәлiметтер ұсынуы квотаны орындау болып табылады.

12. Квота есебiнен жұмысқа орналастырылған қызметкерлердi жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша және (немесе) қызметкердi өз еркiмен жұмыстан босату жұмыстан босатылған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде жұмыс берушiнiң орналасқан жерi бойынша уәкiлеттi органға мiндеттi түрде хабарлай отырып жүзеге асырылады.

13. Квота белгiлеу үшiн қызметкерлердiң тiзiмдiк санын айқындау кезiнде жалпы тiзiмдiк саннан ұйымда жұмыс iстейтiн мүгедектер алынып тасталады.

14. Квота ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауiптi жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, қызметкерлердiң тiзiмдiк санының екiден төрт пайызға дейiнгi мөлшерде белгiленедi.

Елдi мекендерде еңбек етуге қабiлеттi жастағы жұмыссыз мүгедектер болмаған жағдайда, ұйымдарда квота белгiленбейдi.

15. Мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерiне, сондай-ақ қызметкерлердiң тiзiмдiк санының жиырма пайыздан астамын мүгедектер құрайтын ұйымдарға квота белгiленбейдi.

Мүгедектердi жұмысқа орналастыру квотасын орындауға арналған жұмыс

орындарының саны, бос лауазымдар мен бос жұмыс орындары туралы мәлiметтердiң болуы туралы мәлiметтер

Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрлiгiнiң "Жұмыспен қамту проблемалары жөнiндегi ақпараттық-талдау орталығы" АҚ-ға;

Ұсыну мерзiмi: Ұйымдар облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жұмыспен қамту уәкiлеттi органдарына есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 10-күнiне ұсынады;

Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жұмыспен қамту уәкiлеттi органдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрлiгiнiң "Жұмыспен қамту проблемалары жөнiндегi ақпараттық-талдау орталығы" АҚ-ға мәлiметтердi есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 25-күнiне ұсынады.

Мақаланы құрған күні 24.10.2016 17:34
Мақаланы жаңартқан күні 24.10.2016 17:34
Қаралым саны: 2264
© 2020. Атбасар ауданының ресми интернет-ресурсы